«ASTANA-EXPO KS» КӨРМЕ КОМПАНИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРАТЫН

АҚЫЛЫ КӨРМЕ ІС-ШАРАЛАРЫНА КЕЛУ ҚАҒИДАЛАРЫ

Терминдер мен анықтамалар

Осы Қағидаларда төмендегі терминдер мынадай мағынада қолданылады:
Көрме іс-шарасы — белгілі бір мерзімде және белгіленген кезеңділікпен өткізілетін, тауарларды, қызметтерді және ақпаратты таныстыруға арналған алдын ала жоспарланған іс-шара, сондай-ақ оған байланысты конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және өзге де іскерлік іс-шаралар.
Көрме кешені — көрме іс-шараларын өткізуге арналған ғимараттар мен құрылыстар орналасқан жеке аумақ.
Экспонент — көрмеде тауарларды немесе қызметтерді ұсынатын заңды немесе жеке тұлға.
Экспонат — көрме іс-шарасы барысында көпшілікке көрсету үшін экспонент ұсынатын зат, нысан немесе ақпарат.
Экспозиция — көрме іс-шарасы аясында экспонаттарды орналастыруға және көрсетуге арналған ортақ кеңістік.
Көрме іс-шарасының персоналы — Іс-шараны дайындау және өткізу үшін Ұйымдастырушы тартқан немесе уәкілеттік берген қызметкерлер, еріктілер және үшінші тұлғалар, оның ішінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп қызметтерінің өкілдері.
Келуші — экспозициямен танысу, іскерлік келіссөздер жүргізу және шарттар жасасу мақсатында көрмеге келетін тұлға.

1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1.1. Осы Қағидалар Келушілердің көрме іс-шараларында қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
1.2. Қағидалар «Astana-Expo KS» Көрме компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі — Ұйымдастырушы) ұйымдастыратын көрме іс-шараларын (бұдан әрі — Іс-шара) көру үшін Көрме кешенінің аумағына кіру тәртібін және Келушілердің мінез-құлық ережелерін белгілейді.
1.3. Көрме кешені әкімшілігі белгілеген ішкі ережелер осы Қағидаларға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
1.4. Ұйымдастырушы осы Қағидаларға Келушілерді алдын ала хабардар етпей, біржақты тәртіпте өзгерістер енгізу құқығын өзіне қалдырады.

2. ІС-ШАРАҒА КІРУ ТӘРТІБІ

2.1. Көрме кешенінің аумағына кіру және Іс-шараға қатысу үшін Келушілер Ұйымдастырушы мен Көрме кешені әкімшілігі белгілеген орындарда орнатылған турникеттер арқылы бақылаудан өтуге, ал қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тексеруден, оның ішінде қол жүгін және жеке заттарын тексеруден өтуге міндетті.
2.2. Іс-шараға кіруге негіз — тіркеу рәсімінен өту барысында электрондық сауалнаманы толтыру нәтижесінде қалыптастырылатын Келушінің жеке бейджі (электрондық немесе басып шығарылған түрде). Бейджде Келушінің аты-жөні, сондай-ақ (болған жағдайда) ұйым атауы мен лауазымы көрсетіледі.
2.3. Бейдж Іс-шараның бүкіл өту мерзімі ішінде жарамды.
2.4. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бейдж аккредиттеу рәсімінен өткеннен кейін және журналист куәлігін көрсеткен жағдайда көрме іс-шарасының персоналы арқылы беріледі.
2.5. Бейджді үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады. Ұйымдастырушы мен Іс-шара персоналы бейдждегі деректердің Келушінің жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкестігін тексеруге құқылы.

3. ЖАС ШЕКТЕУЛЕРІ

3.1. Іс-шараларға 16 жасқа толған тұлғаларға ғана қатысуға рұқсат етіледі. Балалармен, оның ішінде нәрестелермен және мектеп жасына дейінгі балалармен келуге тыйым салынады. Іс-шара аумағына балалар арбаларымен кіруге және оларды аумақта пайдалануға жол берілмейді. Ерекшеліктер қарастырылмаған.
3.2. Жас шектеулері Іс-шараның кәсіби сипатына, экспонаттар мен материалдардың ересек аудиторияға арналуына, сондай-ақ Келушілердің жеке қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау талаптарына байланысты белгіленген.

4. ТІРКЕУ, ТӨЛЕМ ЖӘНЕ ПРОМОКОДТАРДЫ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІ

4.1. Іс-шараға, сондай-ақ оған байланысты конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және өзге де іскерлік іс-шараларға қатысу Ұйымдастырушы белгілеген шарттарға сәйкес ақылы негізде жүзеге асырылуы мүмкін.
4.2. Іс-шараға қатысу үшін тіркеу тек Ұйымдастырушының ресми тіркеу сайтында — digital-aex.com арқылы жүзеге асырылады. Өзге сайттарда, платформаларда, мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде немесе үшінші тұлғалар арқылы жүргізілген тіркеу ресми болып саналмайды және Ұйымдастырушы үшін міндеттемелер туындатпайды.
4.3. Іс-шараға қатысу құны:
4.3.1. алдын ала тіркеу кезінде — 5 000 (бес мың) теңге;
4.3.2. Іс-шара барысында, оның ішінде онлайн тіркеу және Көрме кешенінің аумағында тіркеу кезінде — 10 000 (он мың) теңге.
4.4. Қатысу үшін төлем:
— онлайн тіркеу кезінде — банктік аударым арқылы;
— Іс-шара барысында — қолма-қол және (немесе) қолма-қол ақшасыз түрде жүргізілуі мүмкін.
4.5. Онлайн төлем TipTop Pay Kazakhstan төлем жүйесі арқылы банк карталарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
4.6. Төлем жасау арқылы Пайдаланушы TipTop Pay Kazakhstan жүйесінің жария офертасы мен құпиялылық саясатына, сондай-ақ осы Қағидаларға толық келісетінін растайды.
4.7. Онлайн төлем жасау кезінде Пайдаланушы электрондық бейджді алу үшін өзінің электрондық пошта мекенжайын көрсетуге құқылы. Тиісті белгі қойылмаған жағдайда электрондық бейдж жіберілмейді.
4.8. Ұйымдастырушы бейдж алу құнын төмендететін немесе 100% жеңілдік беретін промокодтарды ұсынуға құқылы.
4.9. Промокодтар тіркеу ашылған сәттен бастап қолданылады және алдын ала тіркеу кезеңінде, сондай-ақ Іс-шараның бірінші және екінші күндері жарамды.
4.10. Іс-шараның үшінші күні промокодтар жарамсыз болып табылады және тіркеу мен төлем үшін қолданылмайды.
4.11. Ұйымдастырушы промокодтарды пайдалану шарттарын біржақты тәртіпте өзгертуге, олардың қолданылуын тоқтатуға немесе толықтай өшіруге құқылы.
4.12. Промокодтар қолма-қол ақшаға айырбасталмайды, ақшалай өтелмейді және Ұйымдастырушы арнайы белгілеген жағдайлардан басқа жеңілдіктермен біріктірілмейді.
4.14. Тіркеу, төлем жасау және (немесе) промокодты қолдану Келушінің осы Қағидаларды толық әрі сөзсіз қабылдағанын білдіреді.
4.15. Ақылы бейдж жеке болып табылады, Іс-шараның бүкіл мерзімінде жарамды және үшінші тұлғаларға беруге болмайды.
4.16. Ұйымдастырушы тіркеу қателіктері, техникалық ақаулар, бейдждің жоғалуы немесе осы Қағидаларды бұзу сияқты Ұйымдастырушыға тәуелсіз себептер бойынша Іс-шараға қатыса алмау үшін жауапты болмайды.

5. МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРІ

5.1. Келушілер Көрме кешенінің аумағында, оған іргелес аумақтарда және Іс-шара өтетін экспозиция аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ Ұйымдастырушының және Көрме кешені әкімшілігінің заңды талаптарын орындауға міндетті.

5.2. Келушілерге мыналарға тыйым салынады:
5.2.1. Іс-шара аумағына атыс, газды және суық қаруды, жарылғыш заттарды, жанғыш материалдарды, пиротехникалық бұйымдарды, сондай-ақ улы, уытты және күйдіргіш заттарды алып кіруге;
5.2.2. Іс-шара аумағында алкогольдік ішімдіктерді, есірткілік немесе психотроптық заттарды алып жүруге, тұтынуға, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік немесе уыттық масаң күйде болуға;
5.2.3. Іс-шараның іскерлік және кәсіби сипатына сай келмейтін, жалпыға бірдей қабылданған іскерлік әдеп нормаларын бұзатын әрекеттер жасауға;
5.2.4. Ұйымдастырушының, Экспоненттердің немесе Көрме кешенінің мүлкіне, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ Іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кедергі келтіретін әрекеттер жасауға;
5.2.5. Ұйымдастырушының жазбаша келісімінсіз митингілер, демонстрациялар, шерулер, пикеттер, жарнамалық акциялар, флешмобтар өткізуге, сондай-ақ кез келген сауда қызметін жүзеге асыруға;
5.2.6. Ұйымдастырушының жазбаша рұқсатынсыз ақпараттық немесе жарнамалық сипаттағы баспа өнімдерін, парақшаларды, плакаттарды және өзге де материалдарды орналастыруға немесе таратуға;
5.2.7. Тиісті Экспоненттің рұқсатынсыз экспонаттарға қол тигізуге немесе оларды кез келген түрде пайдалануға;
5.2.8. Кәмелетке толмағандарды Іс-шара аумағында қараусыз қалдыруға. Кәмелетке толмаған тұлға қараусыз қалған жағдайда, Ұйымдастырушы немесе Іс-шара персоналы құқық қорғау органдарына жүгінуге құқылы;
5.2.9. Көрме аумағында велосипедтерді, самокаттарды, роликтерді және өзге де ұқсас қозғалыс құралдарын немесе спорттық жабдықтарды пайдалануға;
5.2.10. Қайыр сұраумен айналысуға, Көрме кешенінің және Іс-шара аумағын ластауға, сондай-ақ басқа Келушілерді немесе экспонаттарды ластауы мүмкін киімде, заттармен немесе бұйымдармен болуға;
5.2.11. Іс-шара аумағына жануарлармен кіруге;
5.2.12. Көрме кешенінің ғимараттарында және ашық аумақтарында, арнайы белгіленген орындарды қоспағанда, темекі шегуге, оның ішінде электрондық темекілерді және темекі қыздыру құрылғыларын пайдалануға.
5.3. Іс-шара аумағында қараусыз қалған заттар немесе күмәнді нысандар анықталған жағдайда, Келушілер бұл туралы дереу Ұйымдастырушының өкіліне немесе Көрме кешенінің қызметкеріне хабарлауға міндетті.
5.4. Келушілер Іс-шара аумағына кіреберістерде орналастырылған өрт қауіпсіздігі және эвакуация жоспарымен танысуға міндетті.
5.5. Төтенше жағдайлар туындаған кезде Келушілер Ұйымдастырушының өкілдері мен Көрме кешені қызметкерлерінің талаптары мен нұсқауларын орындауға міндетті.

6. ЖАУАПКЕРШІЛІК

6.1. Ұйымдастырушы немесе Іс-шара персоналы төмендегі жағдайларда Келушіні Іс-шараға кіргізуден бас тартуға немесе оны Іс-шара аумағынан шығарып жіберуге құқылы:
6.1.1. Осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен ресімделген бейдждің болмауы;
6.1.2. Осы Қағидалардың 2.1-тармағында көзделген бақылаудан және тексеруден өтуден бас тарту, оның ішінде қол жүгін және жеке заттарды тексеруге қарсылық білдіру;
6.1.3. Іс-шара аумағына тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасау;
6.1.4. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе қайыр сұраумен айналысу;
6.1.5. Осы Қағидаларды және (немесе) Ұйымдастырушының, Іс-шара персоналының немесе Көрме кешені әкімшілігінің заңды талаптарын орындамау.
6.2. Келуші заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда, Ұйымдастырушы, Іс-шара персоналы және (немесе) Көрме кешені өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін құқық қорғау органдарына тапсыруға құқылы.
6.3. Ұйымдастырушының, Көрме кешенінің және (немесе) Іс-шара Экспоненттерінің мүлкіне келтірілген материалдық залал Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен Келуші тарапынан өтелуге жатады.